Медицина – барлық өнердің ішіндегі ізгі өнер (Гиппократ)

Медицинада, негізгі құқықтарды қорғау тәсілі дәрігер өзі болып табылады. (Энтони Kempinsky)

Ақын мұрасы - болашақ ұрпақтың қадірлейтін қазынасы

Ақ ұлпа жерді жапқанда
Ағаштар сырға таққанда
Бозарып атқан ақ таңда,
Бозарып тұрып ақпанда

Есіңе мені алғайсың, - деп толғанған,өлең жырда шашасына шаң жұқтырмаған жүйрік тұлға Мұқағали ақынның өмір жолы мен шығармашылығына арналған «Ақын мұрасы -болашақ ұрпақтың қадірлейтін қазынасы» атты Қарағанды медицина колледжі студенттері арасында 17 ақпан күні әдеби- сазды кеш өтті. Мақсаты:ақынның үлгі боларлықтай өнегелі өмірі мен артына қалдырып кеткен бай мұрасы жауһар жырлары мен сөз маржандарынан рухани азық алуға тәрбиелеу, жас ұрпақтың санасына сіңіру. Тіл құдыретін меңгерту.

Ақын тірі болса биыл 85 жасқа келер еді...Кеш төрт бөлімнен тұрды.
І бөлім-«Жазылар естеліктер мен туралы». Студенттер ақынның өткен өміріне шолу жасап, еске түсірді. Экраннан Мұқағали ағаның еш өзгермейтін, жылдар өтсе де ұмытылмайтын, жадымызда мәңгі сақталған ,махаббат пен сағынышқа толы құдіретті қоңыр даусын естіп студент-жастар бір жасап қалды. Ақынның туған жерге, елге, халқына, досына, Отанына, тілге деген махаббат сезімі оның жырларының басты тақырыбы еді.

Кештің ІІ-бөлімі «Поэзия- жүрек тілі» деп аталды. М.Мақатаевтың өлеңдерін сүймейтін, білмейтін, оқымайтын адам жоқ десе де болады. Иә, ақынның қуатты өлеңдері бүгінгі ХХІ ғасыр жастарының жүрегінен де орын ала білді. Ақынның әндерін, жырларын колледжіміздің жас әншілері, ақындары төгілте екі тілде айта білді. Ақын әкелген әрбір сөз жүректерге ән болып, әуен болып жетіп жатты.

ІІІ бөлім «Аққудың қанатына жазылған сыр» деп аталды. Бұл бөлімде І-1 тобының студенттері М.Мақатаевтың шығармаларынан көрініс көрсетті.

Кештің ІV –бөлімі «Жас ақындар арнауы» деп аталды. Ақын ағаның жолын қуып, колледж студенттері ақынға арнаған өлеңімен жырдан шашу шашты. Артынан осы кешке белсене қатысып. өз өнерлерін көрсеткен студенттер мақтау қағаздарымен марапатталды. Кешке қатысқан тыңдарман қауым, Мұқағалидың сырлы, әуенді, мұңды жырларына қанық болды. - Бүгін менің туған күнім уа, пәләй,мына адамдар неге жатыр тойламай? – деп жырлаған ақынның туған күні жылдар жылжып өтсе де ұмытылмақ емес, тойлана бермек. Жырлары ғасырдан–ғасырға жалғасын тауып, «Ғасыр ақыны» атанған Мұқағали ақынның бейнесі күннен– күнге тұлғаланып, биіктей түсуде.

Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы Амрина Г.С.

Фотогалерея "Ақын мұрасы - болашақ ұрпақтың қадірлейтін  қазынасы"